Outline-ды пайдалану барысындағы қауіпсіздік және құпиялық
Outline-ды пайдалану барысындағы қауіпсіздік және құпиялық
Outline қолданбасы онлайн байланысыңызды қалай қорғайды?
Интернет трафигі жергілікті немесе ұлттық желіде бақылауға қарсы тұруға өте әлсіз болады.
Outline бағдарламалық құралы ұлттық желідегі интернет трафигіңізді шифрлау арқылы коммуникация құпиялығын сақтауға көмектеседі әрі Outline серверіне жеткенше оны шифрланған күйінде сақтайды. Трафик Outline арқылы шифрланғанда, желі бақылаушылары сіз кірген веб-сайттарды немесе сіз жіберіп жатқан ақпаратты тексере алмайды.
Сондай-ақ Outline еліңізде қолжетімді болмауы мүмкін қауіпсіз өтпелі байланыс құралдарын қайта пайдалануға мүмкіндік береді.
Шифрлау стандарттары
Outline қолданбасы AEAD 256 биттік Chacha2020 IETF Poly 1305 шифрын пайдалана отырып, құрылғыңыз бен Outline сервері арасындағы байланысты шифрлайды. AEAD шифрлары құпиялықты, тұтастықты және түпнұсқалықты қамтамасыз етеді және қазіргі заманғы жабдықтарда өте жақсы жұмыс істейді.
Қауіпсіздік аудиттері
2018 жылы Outline қолданбасын Radically Open Security және Cure53 компаниялары қауіпсіздік аудитінен өткізген. Бұл екі тәуелсіз цифрлық қауіпсіздік ұйымы бағдарламалық құралдың соңғы қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігін тексереді. Radically Open Security компаниясы 2022 жылы қосымша аудит жүргізді, ал Cure53 компаниясы Outline SDK бағдарламалық құралын 2024 жылы аудиттен өткізді. Есептерді осы жерден оқуға болады:
- Radically Open Security өткізген бұзып кіру сынағының есебі (2018 жылдың наурызы)
- Cure53 өткізген Jigsaw Outline қызметінің бұзып кіру сынағы және аудит есебі (2018 жылдың желтоқсаны)
- Radically Open Security өткізген бұзып кіру сынағының есебі (2022 жылдың желтоқсаны)
- Cure53 өткізген Jigsaw Outline VPN SDK бұзып кіру сынағының есебі (2024 жылдың қаңтары)
Анонимді көрсеткіштер мен журналдар
Outline әр рұқсат кілті үшін "аударылған байттар" ретінде пайдаланылатын өткізу мүмкіндігін қадағалайды. Бұл ақпараттың көмегімен сервер әкімшілері қажет кезде өткізу мүмкіндігі жазылымдарын бұлт сервері провайдерлерімен реттей алады, бірақ олар Outline серверінен өткен нақты ақпаратты көре алмайды.
Outline-ның деректер мен ақпарат жинауы туралы толық мәлімет алыңыз.
Қауіпсіздік және құпиялық туралы сұрақ-жауап
Outline менің атымды желіде жасыра ала ма?
Жоқ, Outline адам тұлғалығын жасыратын құрал емес. Outline желілік бақылаушылардан құпиялығыңызды қорғайды.
Outline сіз кіретін веб-сайттарда толық анонимдікті ұсынбайды, өйткені олар бәрібір сіз аккаунтқа кіргенде немесе кейде браузердегі саусақ іздері сияқты әдістермен сізді анықтай алады. Мобильді қолданбаларға келетін болсақ, орнатылған қолданбалар қазір көптеген смартфонда бар API интерфейстерінің арқасында локацияңызды біле алады. Ендірілген GPS қолданылатындықтан, прокси-серверіңіз назарға алынбайды.
Жалпы алғанда, VPN жақсы қорғай алады (әсіресе интернетті бақылаудан), бірақ интернетте жұмыс істеудің әрқашан өз қатері болады. Интернет провайдері VPN қолданған кезде де жеке басыңызды білсе және желі трафигін бақылай алса, онда Outline серверіңіздің IP мекенжайын да анықтай алады. Бұл ақпарат Outline серверіне кіруді блоктау немесе пайдалану үлгілерін (мысалы, сіз әдетте желіге қай кезде кіретініңіз және болжалды орналасқан жеріңіз туралы ақпаратты) зерттеу үшін пайдаланылуы мүмкін.
Outline-ды пайдаланып жатқанымды біреу біле ала ма?
Мүмкін. Сіз пайдаланатын платформалар мен қызметтер байланысыңыздың бұлт серверінен келгенін анықтай алуы мүмкін. Кейде олар сіздің VPN қолданып жатқаныңызды анықтағанымен, интернет трафигіңіздің контентін көре алмайды.
Outline мені барлық ықтимал қиберқауіптен қорғай ма?
Жоқ. Ешқандай құрал сізді мүмкін болатын барлық киберқауіптен қорғай алмайды. Outline ашық интернетке кіруге мүмкіндік береді және трафикті шифрлау арқылы құпиялығыңыздың деңгейін күшейтеді. Бірақ зиянды бағдарламалар мен фишинг сияқты шабуылдардың басқа түрлерінен қорғану үшін қосымша сақтық шараларын қолданғаныңыз жөн.
Онлайн қорғанысты жақсарту үшін ұйымыңыздың киберқауіпсіздік сарапшысымен жұмыс істеу мүмкіндігін қарастырыңыз. Сондай-ақ мәселелеріңізді шешу үшін дұрыс киберқауіпсіздік құралдарын таңдауға қатысты нақты нұсқаулар беруге арналған Security Planner веб-сайтында жетекші қауіпсіздік сарапшыларынан жекелендірілген нұсқаулар ала аласыз.
Сонымен қатар Jigsaw ұсынған Intra, Project Shield және Password Alert сияқты басқа киберқауіпсіздік өнімдерімен таныса аласыз.
VPN желісін пайдалану заңды ма?
Outline бағдарламасын іске қосар алдында немесе қолданбаны пайдаланбас бұрын, жергілікті заңдар мен ережелерді және қолданғыңыз келетін бұлт қызметтері провайдерінің Қызмет көрсету шарттарын қарап шығыңыз.